Игі істер демеушіліктен басталады

05.09.2017

 

Алтын ұя мектептеріне білім алуға асыққан балалар 2 қыркүйек күні гүлдей құлпырып, Макинск қаласының мектеп-лицейіне жан-жақтан ағыла бастады. Білім күніне арналған «Мен өз елімнің патриотымын» тақырыбында салтанатты сап өткізілді. Сапқа Бұланды ауданы әкімінің орынбасары Бахыт Тасылбекова, аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Нұрлығайым Сагиева, «Іскер әйелдер қауымдастығының» төрайымы Клара Меңдібаева қатысты.

Білім саласына көптеген демеушілік көрсетіп келе жатқан Клара Тұңғышқызы бұл жолы да құр алақан келмеді. «Мектепке жол-2017» акциясы аясында мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1 сынып оқушыларына оқу-құралдарын сыйға тартып, жағдайы төмен бір отбасының балаларын мектеп киім-кешектерімен қамтамасыз етті. Балаларға жасаған қамқорлығы үшін Клара Тұңғышқызы жұртшылықтың ризашылығына бөленіп жүр.

Акция аясында екі оқушыға мұғалімдер тарапынан киім-кешек алып берілді. Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы осылайша қайырымдылық іс-шаралармен басталып, шәкірттерді білімге шақырып, сыңғырлай жөнелді.