Өңір туралы

 bylandi


ЖАЛПЫ МӘЛІМЕТТЕР

1.1. Аудан тарихы

Макинск (1997 жылдың қараша айынан Бұланды) ауданы 1935 жылдың қаңтар айында құрылып, орталығы Вознесенка ауылы болған, 1936 жылдың шілде айына дейін Қарағанды облысының, 1939 жылдың күзіне дейін Солтүстік Қазақстан облысының құрамдарына кірген, ал 1939 жылдың қазан айынан Ақмола облысының құрамына енді. Макинск ауданының құрылуы Қазақстанның солтүстігі мен орталығында өндірістік күштерді дамытудың салдары болып табылады.

1939 жылдың қазан айында Макинск ауданының құрамына 14 ауылдық және селолық кеңес кірген, тұрғындар саны 32 210 адамды құраған барлығы 77 елді мекен (75 селолық елді мекен және 2 жұмысшы поселкесі) болды. Қазақтар саны 25,5 пайызды, ал орыстар – 58,5 пайызды құраған болатын.

Шамамен 115 шағын өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс атқарған, оның ішінде 19-ы мемлекеттік және 96-ы колхоздық-кооперативтік.

Ауданда 25 колхоз болған, олар 47 376 га егістік жерге дақылдар еккен, 15 277 бас ірі қара мал, 25 298 бас қой, 3 103 жылқы, 4 118 бас шошқа, 7 түйе ұстады. Колхозға қызмет ету үшін екі МТС –те 153 трактор, 84 комбайн болды. Дәнді дақылдардан әр гектарынан 17 центнерден жоғары өнім алынған.

1942 жылы Тамбы облысы Мичуринск қаласынан Ленин атындағы поршень сақина зауыты Макинка жұмысшы поселкесіне көшіріп әкелінді. Зауыт майданға өнім (миналар, поршень сақиналары және ауыл шаруашылығы саласының мұқтаждығы үшін қосалқы бөлшектер) шығаратын бірден-бір әрекет еткен кәсіпорынға айналды. 1942 жылы барлығы 75 мың поршень сақина шығарылып, тиеп жөнелтілід.

1945 жылдың мамыр айында Макинка жұмысшы поселкесі аудандық бағыныстағы Макинск қаласына өзгертілді. Өндірістік даму мен халық санының өсуіне байланысты 1957 жылдың шілде айында аудан орталығы Вознесенка ауылынан Макинск қаласына көшірілді.

 

1.2. Географиялық орналасуы

Бұланды ауданы облыстың солтүстік бөлігінде орналасқан, солтүстігінде — Бурабай, солтүстік-батыста – Сандықтау, оңтүстікте – Ақкөл, оңтүстік-батыста — Астрахан, Атбасар және оңтүстік-шығыста Еңбекшілдер аудандарымен шекараласады. Астана қаласынан солтүстік-батысқа қарай 180 км қашықтықта, оңтүстік-шығыста Көкшетау қаласынан 120 км қашықтықта орналасқан.

Аудан  аумағы 5,1 мың шаршы шақырымды құрайды. Аудан аумағында 11 селолық (ауылдық) округ, 1 аудандық маңызы бар қала және 37 селолық елді мекен орналасқан. Әкімшілік орталығы – Макинск қаласы. Макинск қаласы арқылы Алматы-Петропавл теміржол магистралі және Петропавл-Көкшетау-Астана автотрассасы өтеді.

Аудан халқының саны 35 218 адамды құрайды, соның ішінде 17 668 адам (50,2%) – қала халқы, 17 550 адам (49,8%) – ауыл халқы. Халықтың тығыздығы жағынан орташа алғанда 1 шаршы шақырымға 7 адамнан келеді. Ұлттық құрамы бойынша: қазақтар – 39,6 пайызды, орыстар – 42,3 пайызды және басқа да ұлттар – 18,1 пайызды құрайды.  Зейнеткерлер саны – 4 776 адам,  оқушылар саны – 4 863 адам.

 

1.3. Табиғи-климаттық жағдай

Аудан екі аймақта  орналасқан: шеткі солтүстік бөлігі бірқалыпты шөлейтті орманды дала аймағында, орталық және оңтүстік бөлігі шөлейтті дала аймағында жатыр. Осы екі аймақтың климаты шұғыл континенталды, жазы ыстық болса, қысы қытымыр суық және атмосфералық жауын-шашынның тапшылығымен ерекшеленеді. Көбіне көктем мен күз айларында температураның тәуліктік ауытқу амплитудасы 10-15 градусқа жеткен кезде тәулік бойы ауа температурасының күрт өзгеруі байқалады. Жауын-шашынның  жылдық орташа мөлшері 280-300 мм. Аудан үшін оңтүстік бағыттағы желдердің басымдығы бар интенсивті жел қызметі тән.

Аудан аумағы бедерінің сипаты бойынша бірыңғай емес. Оның шегінде сумен бөлінген ұсақ шоқы, жеке тұрған шоқысы бар жалпақ және бұдырлы шоқыаралық жазық жерлер, көлбеу жазық жерлер, террассалар кешені бар өзен жазықтары, бөлшектелген өзен және көл маңындағы тік баурайлар ерекшеленеді. Ауданның барлық  аумағы Орталық Қазақстанның  ұсақ шоқысы шегінде жатыр. 

Топырағы кәдімгі қара, негізінен қоңырқай қара, саздақ. Сәбіз түстес және қызыл-селеулі далаларда түрлі шөптесін өсімдіктер өседі. Олар егістік егілмеген жерлерде селеу, жусан, бетеге, қияқ, тобылғы және қамыс түрінде келеді. Көбіне олар қарағайлы, қарағайлы – қайыңды және қайыңды ормандармен қосылып жатыр.

Ормандар мен далаларды бұлан, бұғы, қабан, қасқыр, түлкі, қоян, сарышұнақ, суыр және атжалмандар мекендейді, сондай-ақ онда саңырау құр, құр тіршілік етеді. 

 

1.4. Пайдалы қазбалар (оның ішінде игеру үшін болашағы бар)

Өнеркәсіптік маңызы бар пайдалы қазбалар тек қана тас, кірпіш шикізаты, құм сияқты құрылыс материалдарымен ұсынылған. Түрлі маркадағы кірпіш жасау үшін құм мен құмбалшық пайдалануға болады.

 

1.5. Су ресурстары

Аудан аумағында жалпы ауданы 2 мың гектарды алатын 24 су тоғаны бар. Көлдердің басым бөлігі тереңдігі 2 метрді құрайтын тұщы болып келеді. Аса ірі көлдерге жататындар: Талдыкөл, Жарлыкөл, Жардыкөл, Байтөбет, Алакөл. Тоғандарда мөңке, алабұға, ақбалық, оңғақ, тұқы, шортан, сондай-ақ үйрек, сүңгуір, барылдауық, гагара, сұр қаз, аққу сияқты суда жүзетін құстар мекендейді. Негізгі өзендерге жататындар: Аршалы, Бақсұқ, Жолболды, Қылшақты, Қайрақты. Барлық өзен тораптары ауданның батыс бөлігінде шоғырланған.

 

1.6. Аудан экономикасының мамандануы

Бұланды ауданы Ақмола облысының негізгі ауыл шаруашылығы өңірлерінің бірі, оның дамуының негізгі бағыты — астық өндірісі болып табылады.

Өнеркәсіптік өндірістің жалпы көлемінде өңдеуші сала 86,1 пайызды құрайды. Ауданда Қазақстан экономикасының бірқатар салалары үшін қосалқы бөлшектерді жинақтаушы ірі машина жасау өндірісі бар. Ауыл шаруашылығының елеулі әлеуеті тамақ өнеркәсібінің дамуына жағдай туғызады. Пайдалы қазбалар орындарының бар болуы құрылыс материалдары өндірісінің дамуына септігін тигізеді.

Аудан туризмді дамыту үшін әлеует болып табылатын бірегей табиғи-климаттық және географиялық жағдайлы.

 

1.7. Өткен 10 жылда ауданның даму қорытындысы (2006-2015 жж.)

Өткен 10 жылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 2,5 есеге өсті және 2015 жылы 13 714,9 млн. теңгені құрады (2006 жылы – 5 541,2 млн. теңге).

Өнеркәсіптік өнім 3 374,1 млн. теңгеге өндірілді, өсім 2006 жылға қарағанда 3,4 есеге жоғары (1 002,3 млн. теңге). Нақты  көлем индексі 103,5 пайызды құрады, ал 2006 жылы 350,5 пайыз болған.

Аудан экономикасына 5 256,2 млн. теңге көлемінде инвестициялық салымдар салынды, дегенмен 2006 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 586,0 млн.теңгені құрады.

2015 жылы орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 2006 жылға қарағанда 28,2 есеге өсіп, 2 226,8 млн. теңгені құрады.

4,8 мың шаршы метр жеке тұрғын үй іске қосылды, ол 2006 жылдың көлемінен 2,3 есеге артық. 2006 жылы 2,1 мың шаршы метр жеке тұрғын үй енгізілген болатын.

Бөлшек сауда айналымының көлемі 2 есеге өсіп, 2 745,8  млн. теңгені құрады (2006 жылы – 1 369,0 млн. теңге).

Бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 3,4 есеге өсті және 71 588 теңгені құрады (2006 жылы – 20 911 теңге).

 

 

 

Дата публикации: 15.08.2014
Дата обновления: 24.01.2017
545 просмотров