Бұланды ауданы әкімінің
ресми сайты
Жаңалықтар
Азық-түлік белдеуі басты назарда
27.07.2018

Бұланды ауданына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев келді. Арман Қайратұлымен бірге Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асқарбек Үйсімбаев, Ақмола облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Азамат Сағынбаев және ауыл шаруашылықты қолдау бойынша қаржы институттарының басшылары ауданымызға келді.

Басшылардың ауданға келу мақсаты – Астананың азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылу қарқынымен танысу. Вице-министр бастаған делегация Макинск құс фабрикасын, «Фирма Нанар», «Даниловка», «МаксТрейд», «Никольское», «Амирлан Астык», «Нурлы жол» ЖШС, «Шахатов», «Кайрат», «Қонай», «Аманат», «Елхан» шаруа қожалықтарын аралады. Атап айтқанда, ауданның бірнеше ауылдық округтеріне атбасын тіреді. Арнайы келген делегацияны аудан әкімінің міндетін атқарушы Әділет Рақымжанов, аудан әкімінің орынбасары Ораз Смағұлов және аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Аманкелді Камельинов қарсы алды.

Ауыл шаруашылық кәсіпорындарының басшыларымен әңгіме барысында бүгінгі таңдағы атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтылып, астананың маңайындағы азық-түлік белдеуді қамтамасыз ету – маңызды әрі жауапты іс екені айтылып, Арман Қайратұлы аргарийлерге алдағы уақытта жұмыстарында үлкен табыс тіледі.