Бұланды ауданы әкімінің
ресми сайты
Жаңалықтар
Отбасы – тәрбие бастауы
11.09.2018

Отбасы – мемлекеттің дұрыс қалыптасуының ең басты тірегі. «Отан отбасынан басталады» деген қанатты сөздің үлкен философиялық маңызы бар. Отбасылық құндылықтар мол болуы керек. Сонда ғана әр отбасында тәрбиеленіп жатқан өскелең ұрпақ отбасылық махаббатқа, ата-ана мейіріміне бөленіп, болашақта отанымыздың дамуына айтарлықтай үлес қоса алатын азамат болып шығады.

Қазақстандық Отбасы күнінің аясында аудан әкімі Жомарт Нұркенов Макинск қаласының тұрғындары – Кембаевтар шаңырағына барып, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге негізделген маңызды мерекемен құттықтады. Кембаевтар отбасының отағасы Жалтыр Айтпайұлы және оның жан-жары Сағат Қожахметқызы алты баланы тәрбиелеп өсірген үлгілі отбасы. Бүгін ардақты ата-әже 17 немересінің қылығына тоймай жүр. Кембаевтар ерлі-зайыптылары ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына өз үлестерін қосып, адал еңбек етті. Жалтыр Айтпайұлы бұрыңғы Ленин атындағы зауытта 40 жылдан астам жұмыс атқарған, Сағат Қожахметқызы осы зауытта жұмыс жасап, кейін мектеп-интернатта, трикотаж цехінда жұмыс істеген.

Кембаевтар отбасының балалары ата-анасынан жақсы тәрбие алып, білімді, ақылды болып өсіп, бүгінгі таңда түрлі салада жұмыс атқаруда. Отбасылық құндылықтарды сақтау, бір-біріне құрмет көрсету, бойына адамгершілікті тәрбиелеу – Кембаевтар отбасындағы бақыттың кепілі және қоғамымызда осындай үлгілі отбасылардың көбейгені – игіліктің нышаны.

Аудан басшысы Жомарт Жұмағалиұлы Кембаевтар отбасына амандық және баянды отбасылық бақыт тілеп, руханилықты, өнегелілікті нығайту ісіне қосқан үлесі үшін зор алғыс білдірді.